Жақсы адамдар қай кезде де жан-жағына көмегін тигізіп, шұғылалы шуағын шашып жүреді. Айналасына жылы сөзін арнап, адами асыл қасиетімен көпке үлгі болады. Біз мұндай кісілерді жұмыс барысында да жиі кездестіреміз. Өйткені, донор болуға келген адамдардың қай-қайсысы да жақсылық жасауға ұмтылып тұратын жандар. Ал бұл қадам өз кезегінде қаншама мұқтаж жанның мұңын сейілтіп, өмірге деген құлшынысын арттырады.
Бүгін Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұжымы да қан орталығына арнайы келіп, донорлар қатарынан табылды. Баршаға белгілі, төтенше жағдай саласы қай кезде қауырт болып жатады. Халық даналығында «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Ойда жоқта оқыс оқиға орын алса бірінші болып сол жерге құтқарушылар жетеді. Адамдарды тілсіз жаудан арашалап, аумақтағы қызыл жалынды ауыздықтайды. Міне, осындай қым-қуыт әрі жауапты қызметте жүрсе де уақыт тауып, парасаттылық пен патриотизмнің үлгісін көрсеткен майталман мамандарға, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржанов Назар Алпысбайұлына біз зор алғысымызды білдіреміз. Лайым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2732-zha-sy-adamdar-aj-kezde-de-zhan-zha-yna-k-megin-tigizip-sh-ylaly-shua-yn-shashyp-zh-redi-2.html#sigFreeIde726eb0b81








