Жамбыл облысындағы қан қызметінің даму тарихы
1939 жылғы 24 қазандағы №5 Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығына сәйкес, 1939 жылдың 1 қарашасынан бастап облыстық аурухана құрамындағы қан құю тірек пункті облыстық қан құю станциясы болып қайта құрылды.
Станцияның меңгерушісі болып хирург Гулам Абдукаримов тағайындалды.
1939 жылы 81 рет қан құю рәсімі жүргізілді. 1942 жылы, соғыс жағдайында жұмыс істей отырып, станция 165 литр қан дайындады, ал 1946 жылы бұл көрсеткіш 178 литрді құрады. 1949 жылы 320 литр консервіленген қан дайындалды. 1959 жылы қан дайындау көлемі 520 литрге дейін артты. 1965 жылға арналған бекітілген халық шаруашылығы жоспарына сәйкес, 1965 жылғы 2 тамыздағы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығымен облыстық қан құю станциясы дербес облыстық қан құю станциясы болып қайта ұйымдастырылды. Бас дәрігер қызметіне Гафуров Хамид Абдуалиевич тағайындалды. Осы кезеңде станцияда қан компоненттерін дайындау жұмысы басталды.
1969 жылы нативті плазма дайындау көлемі 79 литрге, ал эритроцит массасы 106 литрге жетті.
1971 жылы станцияның бас дәрігері болып Балкибеков Мұхатай Накипбекұлы тағайындалды. Сол жылы КС - 30 аппаратының көмегімен құрғақ плазма өндіру басталды.
Бас дәрігер М.Н.Балкибековтің бастамасымен 1972 жылғы 13–14 шілдеде облыстық қан құю станциясының (ОҚҚС) базасында қалалық және аудандық ауруханалардың жауапты дәрігерлеріне арналған алғашқы облыстық семинар өткізілді.
1973 жылғы 26 шілдеде облыстық қан құю станциясының бас дәрігері болып Аширбаева Тұрсынкүл Ілиясқызы тағайындалды. Осы жылдары ОҚҚС базасында қан құю мәселелері бойынша орта медициналық қызметкерлерге арналған біліктілікті арттыру курстары ашылды.
1981 жылы облыстық қан құю станциясының бас дәрігері болып Абдыкадырова Култай Абдыкадыровна тағайындалды.
Осы кезеңде қан дайындау мен өңдеу көлемі едәуір артты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 1994 жылғы 18 қарашадағы №436 бұйрығына сәйкес, облыстық қан құю станциясы «Облыстық қан орталығы» болып қайта аталды.
1996 жылы қан орталығының директоры қызметіне хирург Кезембаев Бахберді Боштабаевич тағайындалды.
2008 жылғы желтоқсан айында қан орталығының жаңа ғимаратының құрылысы басталып, нысан 2010 жылғы 15 желтоқсанда пайдалануға берілді. Толыққанды жұмысын 2011 жылғы 3 ақпаннан бастады.
2017 жылғы мамыр айынан бастап Жамбыл облыстық қан орталығының директоры болып Умаров Гулам Мухтарович тағайындалды.
Қан орталығының жобалық қуаты — жылына 15 мың литр қан және оның компоненттерін дайындау мүмкіндігіне арналған.
Біздің ұйым донор қанын және оның компоненттерін дайындау, өңдеу, зерттеу жұмыстарымен айналысады, сондай - ақ Жамбыл облысының барлық емдеу - профилактикалық мекемелерін осы өнімдермен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қолдану үшін қан компоненттерінің қорын жасайды.
Облыстық қан орталығында автоматтандырылған қан қызметінің ақпараттық жүйесі — «Инфо Донор» бағдарламасы енгізілген. Барлық дайындық және зерттеу кезеңдері компьютерлік жүйеге енгізіледі, бұл донордың келуінен бастап қан тапсырғанға дейін және дайын қанның ауруханаларға берілуіне дейінгі барлық процесті бақылауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі медициналық құжаттаманы қолмен жүргізу жұмысын барынша азайтады.
Қан орталығы алыс және жақын 19 шет мемлекеттен (Ұлыбритания, Жапония, Германия, Канада, Франция, Ресей және т.б.) алынған заманауи жабдықтармен жабдықталған, ол сапа стандарттарына сай келеді. Жаңа жабдықтарды сатып алу арқылы қан дайындаудың жаңа әдістері, компоненттерді зерттеу және сақтау технологиялары енгізілді.
Мысалы, вирусқа белсенді плазма ультракүлгін сәулеленуге ұшырайды, бұл вирус пен бактериялардың ауру тудыру қабілетін жояды. Мұндай процедурадан кейін қан инфекциялық қауіпсіз болады. Эритроциттерді криоқорғау әдісі енгізілді - бұл әдіс эритроциттерді мұздатылған күйде 10 жылға дейін сақтау мүмкіндігін береді, әсіресе сирек қан топтарын сақтау үшін өте маңызды.
Қан дайындау бөлімінде плазма, тромбоциттер, эритроциттерді автоматтандырылған режимде дайындауға мүмкіндік беретін аппараттар бар.
Лейкофильтрация әдісі, қан жасушаларын жуып - тазалау қолданылады, сондай - ақ гематологиялық ауруларда қан құюға қажетті криопрецепитат дайындалады.
Изосерологиялық зертхана бөлімінде донор қанындағы қан топтарын, фенотиптерін, иммундық антиденелерді гель карталар арқылы анықтайтын «Техно» аппараты жұмыс істейді.
Резус - теріс жүкті әйелдерде антиденелер мен иммуноглобулиндер анықталып, нәрестенің гемолитикалық ауруының ерте кезеңінде диагноз қоюға мүмкіндік беріледі. Донор қанындағы инфекцияларды зерттеу бөлімінде ИФА тестілеуден кейін ДНҚ және РНҚ деңгейінде инфекциялық агенттерді анықтауға арналған ПТР әдісі қолданылады.
Орталықта 10 қызметкерден тұратын мобильді бригада құрылды. Олар арнайы автобустармен қаладағы ұйымдар мен мекемелерге күн сайын шығып, донор қанын қабылдайды.
Тың жаңалық ретінде сапа бақылау бөлімі ашылды, онда күн сайын шығарылатын өнімнің сапа стандарттарына сәйкестігі тексеріледі.
Қазіргі уақытта мынадай қан өнімдері өндіріледі: толық қан, эритроцит массасы, нативті плазма, жаңа мұздатылған плазма, мұздатылған плазма, лейкоцит массасы, тромбоцит массасы, жуған эритроциттер, антирезус қан сарысулары.
Плазма плазмаферез әдісімен дайындалады және оның түрлері: антистафилококкалық, антистолбнякалық, Қырым безгегіне қарсы геморрагиялық, сондай - ақ емдік плазмаферез.
Қан орталығында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, оның дамуына зор үлес қосқан дәрігерлер мен медбикелердің есімдерін атап өту қажет. Олар: изосерология бөлімшесінің меңгерушісі Балапан Аубакировна Туганбекова, қан дайындау бөлімшесінің меңгерушісі Едильбай Керимович Джаксымбетов, директордың сапа бақылау жөніндегі орынбасары Эльмира Арипхановна Оспанова, ИФА бөлімшесінің меңгерушісі Лариса Михайловна Хан, қан тестілеу бөлімшесінің меңгерушісі Айнура Жолдасбековна Дуйсенбиева, қан орталығының бас медбикесі Екатерина Ивановна Тимошенко, қан дайындау бөлімінің аға медбикесі Гуля Муратовна Кадирбергенова, қан дайындау бөлімінің аға медбикесі Гулжан Адильхановна Диханбаева, экспедиция медбикесі Елена Владимировна Комашко.