Бактериологиялық зерттеу әдістері: қағидалары, қолданылуы және зертханалық диагностикадағы маңызы
Бактериологиялық зерттеу әдісі – зерттелетін материалдан бактерияларды анықтауға, бөліп алуға, идентификациялауға және олардың қасиеттерін зерттеуге бағытталған зертханалық диагностика әдісі. Бұл әдіс жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын анықтау, олардың биологиялық қасиеттерін зерттеу, сондай-ақ дәрілік заттардың, қан компоненттерінің, медициналық бұйымдардың және сыртқы орта нысандарының микробиологиялық тазалығы мен стерильдігін бақылау үшін қолданылады.
Бактериологиялық әдістің негізгі қағидасы – зерттелетін материалдан микроорганизмдерді қоректік орталарға себінді жасау арқылы бөліп алу, олардың көбеюіне қолайлы жағдай жасау және кейін алынған дақылды зерттеу. Микроорганизмдерді идентификациялау олардың морфологиялық, культуралық, биохимиялық және басқа да қасиеттерін ескере отырып жүргізіледі.
Бактериологиялық зерттеудің негізгі кезеңдеріне мыналар жатады:
– зерттелетін материалды дұрыс алу және зертханаға жеткізу;
– материалды тиісті қоректік орталарға себінді жасау;
– себінділерді микроорганизмдердің өсуіне қолайлы жағдайларда инкубациялау;
– микроорганизмдердің өсу сипатын бағалау және колонияларды зерттеу;
– таза дақылды бөліп алу;
– бөлініп алынған микроорганизмді морфологиялық, культуралық және биохимиялық белгілері бойынша идентификациялау;
– зерттеу нәтижелерін рәсімдеу және интерпретациялау.
Бактериологиялық әдіс зертханалық диагностиканың маңызды әдістерінің бірі болып табылады, өйткені ол бактериялық қоздырғыштарды анықтауға және идентификациялауға, сондай-ақ олардың культуралық және биологиялық қасиеттерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Зертхана жағдайында донорлардың шынтақ иіндерінен алынған шайындыларға, медициналық персоналдың қол тазалығына, жұмыс беттерінен алынған шайындыларға зерттеу жүргізіледі. Сонымен қатар материалдардың, қан компоненттерінің және медициналық бұйымдардың стерильдігі бақыланады.
Бактериологиялық зерттеулер жүргізу санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын бағалауға және қан компоненттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қан қызметінде бактериологиялық әдіс донорлық қан компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Ол микробтық ластануды уақтылы анықтауға және пациенттердің денсаулығына төнуі мүмкін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2698-bakteriologiyaly-zertteu-disteri-a-idalary.html#sigFreeIddb47e066f2








