Кім донор бола алады? Донорға қойылатын негізгі талаптар
Қан донорлығы — қазіргі медицинадағы маңызды бағыттардың бірі. Донордың тапсырған қаны және оның компоненттері ауыр науқастарға, жарақат алған адамдарға, операция кезінде қан жоғалтқан науқастарға, босанған әйелдерге және басқа да медициналық көмекке мұқтаж адамдарға қолданылады.
1. Донор деген кім?
Донор — өз қанын немесе оның компоненттерін медициналық мақсатта ерікті түрде тапсыратын адам.
Донор қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Тексеру нәтижесінде оның денсаулық жағдайы және донорлыққа жарамдылығы анықталады.
2. Донорға қойылатын негізгі талаптар
Донор болғысы келетін адам белгілі бір талаптарға сәйкес болуы керек.
Негізгі талаптар:
— 18 жасқа толған немесе одан асқан, ерікті адам болуы;
— донордың жасы мен денсаулық жағдайы донорлық талаптарына сәйкес болуы;
— медициналық тексеруден өтуі;
— қан қысымы мен жалпы жағдайының қанағаттанарлық болуы;
— донорлыққа қарсы көрсетілімдердің болмауы;
— дәрігердің донорлыққа рұқсат беруі.
Донорлыққа қабылдау кезінде адамның денсаулық жағдайы жеке бағаланады.
3. Донорлық алдындағы медициналық тексеру
Қан тапсырар алдында донор медициналық тексеруден өтеді. Оның жалпы жағдайы бағаланып, қажетті зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Тексеру барысында:
— гемоглобин деңгейі;
— қан қысымы;
— пульс;
— дене температурасы;
— жалпы денсаулық жағдайы бағаланады (АЛТ, Kell, хилез).
Сонымен қатар донордан анамнез жиналады: бұрын ауырған аурулары, қабылдап жүрген дәрілері және жақында болған медициналық процедуралары туралы ақпарат анықталады.
Мысалы, жедел аурулар кезінде, кейбір медициналық процедуралардан кейін немесе дәрі-дәрмек қабылдаған жағдайда донорлық уақытша кейінге қалдырылуы мүмкін.
Бұл талаптар донордың өз денсаулығын қорғау және қан алушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
4. Донорлыққа қарсы көрсетілімдер
Кейбір аурулар мен медициналық жағдайлар кезінде адамға донор болуға рұқсат берілмейді. Қарсы көрсетілімдер тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін.
Сондықтан донор өз денсаулығына қатысты ақпаратты медицина қызметкерінен жасырмауы керек. Донорлыққа соңғы рұқсатты медициналық тексеру нәтижесіне қарай дәрігер береді.
5. Донордың донорлыққа дайындығы
Донация алдында донор өзін жақсы сезінуі керек. Ұйқысы жеткілікті болғаны және сұйықтықты жеткілікті қабылдағаны маңызды.
Донорлыққа дейін медициналық ұйымның берген тамақтану және басқа да дайындық жөніндегі ұсыныстарын сақтау қажет.
Қан донорлығы — қоғам үшін өте маңызды және жауапты іс. Донор болу арқылы адам басқа адамдардың өмірін сақтауға өз үлесін қоса алады.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2684-kim-donor-bola-alady-donor-a-ojylatyn-negizgi-talaptar.html#sigFreeIda7684b3c63








