KELL жүйесі деген не?
Бұл - құрамында 25 түрлі антигені бар қан тобының ерекше жүйесі. Оның ішінде ең бастысы - К антигені. Осы антигеннің қаныңызда бар-жоғына байланысты адамдар екі топқа бөлінеді:
- Kell-оң (К+) - бұл антиген қанында бар адамдар (жер шары халқының тек 7-10%-ы).
- Kell-теріс (К-) - бұл антиген қанында жоқ адамдар (басым көпшілігі, яғни 90%-дан астамы).
Маңызды: Kell-оң болу - патология немесе ауру емес! Бұл - жай ғана тұқым қуалайтын генетикалық ерекшелік. Көздің түсі немесе шаштың құрылымы сияқты қалыпты нәрсе. Денсаулыққа ешқандай зияны не әсері жоқ.
Қан құюда неліктен ескеріледі?
К антигені - А, В және D (резус) антигендерінен кейінгі ең күшті иммуноген.
Егер Kell-теріс адамға Kell-оң қан құйылса, ағза оны «жау» көріп, қарсы антиденелер бөледі.
Бұл кейіннен қан жасушаларының бұзылуына (гемолизге) әкеп соғуы мүмкін.
Сондықтан Kell-теріс емделушілерге тек Kell-теріс қан құйылады.
Донорлар үшін бұл нені білдіреді?
Егер сіздің қаныңыз Kell-оң болса, сіз бәрібір донор бола аласыз! Тек ережесі басқаша:
• Kell-оң донорлардан құрамында эритроциттері бар бүтін қан алынбайды.
• Олардан тек эритроцитсіз өнімдер - плазма, тромбоцит немесе криопреципитат алынады.
• Бұл компоненттер қан құюды қажет ететін кез келген науқасқа еш қауіпсіз шипа болады.









