1 шілдеден бастап заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын халық арасында кеңінен ілгерілету және түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Осы маңызды науқан аясында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сламбекова Ұлана Сламбекқызы біздің Жамбыл облыстық қан орталығымызға арнайы келіп, ұжымымызбен, сондай-ақ орталығымызда жұмыс жасап, іс-тәжірибеден өтіп жүрген жас мамандарымызбен және оқушыларымызбен үлкен кездесу өткізді.
Жиын барысында Ұлана Сламбекқызы Мемлекет басшысының Парламентте айтқан сөзіне сүйене отырып, Жаңа Конституция аясында еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын 5 стратегиялық басымдықты кеңінен түсіндіріп берді:
Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымы – басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы.
Экономиканы жаңа үлгіге көшіру – отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау.
Энергетикалық және инфрақұрылымдық негізді нығайту – Жамбыл облысы үшін аса маңызды су қауіпсіздігі мен ирригациялық жүйелерді жаңғырту.
Толыққанды цифрлық мемлекет құру – медицина мен барлық салада цифрлық трансформацияны жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Адам капиталын дамыту – денсаулық сақтау, сапалы білім, ғылым және белсенді жастар саясаты.
Болашаққа нық қадам: Жастарымыздың ой-пікірі
Жиын барысында орталығымыздың жас мамандары мен белсенді оқушылары да өз ойларын ортаға салып, Жаңа Конституция бойынша болашаққа пайдасы туралы пікірлерімен бөлісті. Олар жаңа заң аясында жастардың сапалы білім алуына, цифрлық қауіпсіздігі мен тұлғалық дамуына үлкен мүмкіндіктер ашылғанын тілге тиек етті. Бүгінгі кездесу жас буынға құқықтық реформалардың маңызын тереңірек түсінуге көмектесіп, жарқын болашаққа деген сенімдерін ұштады.
Біздің ұжымымыз бен жастарымыз маңызды құқықтық реформаларға толық қолдау білдіріп, көкейкесті сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Ел игілігі мен халық саулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген қан орталығының мамандары Жаңа Конституция қағидаттарымен бірге жаңа биіктерді бағындыруға дайын екендіктерін жеткізді.








