Қан тапсыру - бұл біреудің өмірін құтқару ғана емес, сонымен қатар ресми демалыс алудың заңды негізі. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, мемлекет донорларға қорғауды және ақы төленетін демалыс күндерін беруді кепілдендіреді.
Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін және сіздің қандай толық құқықтарыңыз бар екенін түсіндіреміз:
Донация күні жұмыстан босатылу
Медициналық тексерілу және донация (қан тапсыру) күні сіз орташа жалақыңыз сақтала отырып, жұмыстан ресми түрде босатыласыз.
Назар аударыңыз! Жұмыс кестесі уақытында түзетілуі үшін, қан қызметі мекемесіне баратыныңыз туралы басшылықты алдын ала хабардар етуді ұсынамыз.
Қосымша демалыс күні
Қанды және (немесе) оның компоненттерін өтеусіз (тегін) негізде тапсырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір күн демалыс беріледі.
Сіз бұл күнді қан тапсырғаннан кейін бір жыл ішінде кез келген уақытта пайдалана аласыз.
Немесе оны жылдық ақылы еңбек демалысыңызға қостыра аласыз.
Бұл кепілдіктер донация жасалған сәттен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
Донация сәтсіз болған (іске аспаған) жағдайда, қосымша демалыс күні берілмейді.
Егер сіз донация күні жұмысқа шықсаңыз
Егер жұмыс берушімен келісім бойынша донор болып табылатын қызметкер қан және (немесе) оның компоненттерін тапсыратын күні жұмысқа кіріссе, оның қалауы бойынша орташа жалақысы сақтала отырып, басқа демалыс күні беріледі немесе бұл күн жылдық еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
Ауыр еңбек жағдайларына тыйым салу
Донор болып табылатын қызметкерді қан және (немесе) оның компоненттерін тапсыратын күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
Күш-қуатты қалпына келтіруге арналған төлем
Қанды және (немесе) оның компоненттерін өтеусіз негізде тапсырған донор өзінің қан көлемін және ағзаның энергия шығындарын қалпына келтіру үшін донациядан кейін 0,25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ақшалай төлем алады.
Қорытынды: Сіз ізгі іс жасай отырып, мүлдем заңды және ақы төленетін демалыс күндеріне ие боласыз.
Құрметті донорларымыз! Өмірді құтқару үшін қан тапсырып, көрсеткен мейірімділіктеріңіз бен адами іс-әрекеттеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздерді ерікті, өтеусіз қан және оның компоненттерінің донорлары қатарынан қайта көруге қуаныштымыз!
Бұл жазбаны сақтап қойыңыз, әріптестеріңізбен бөлісіңіз және игі істерді сенімді түрде жасаңыз!









