Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жария еткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да осы бағыттағы нақты міндеттерді айқындап берді.
Өз кезегінде ақ желеңді абзал жандар да аянып жатқан жоқ. Медицина мамандары ұлт саулығын нығайту жолында тынымсыз тер төгіп, табандылықпен еңбек етуде. Әріптестеріміздің өздеріне жүктелген міндеттермен шектелмей, қан орталығына келіп донорлар қатарынан табылуы да бізді айрықша қуантады. Бұған дейін облыстағы қаншама емдеу-алдын алу мекемелері жақсылықтың жаршысы болып, мұқтаж жандардың мұңын сейілтуге үлес қосты. Бүгін осы ізгілікті істі Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ұжымы жалғап, қамқорлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсетті.
Аурухана қызметкерлері рет-ретімен қан тапсырып, көмек қолын созды. Осы орайда аурухананың бас дәрігері Сағыныш Қабылтайқызы Нұрғабылова және барша донорларға дән ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне жан-тәнімен атсалысқан бас медбике Гульнара Нурмухамбетқызы Молдахметова еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Дана халқымыз «Жақсылыққа жақсылық - әр адамның ісі» деп тектен тек айтпаған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда қолымыздан келгенше бір-бірімізге қолдау көрсетіп, адами асыл қасиетімізді таныта білейік.
26 Мамыр 2026
16









