Бағамдап қарасақ өмір жүзінен нұры, жүрегінен жылуы төгіліп тұратын жандармен көрікті Адамға болысып, барын беретін, жақсылық жасауға асығып тұратын жандарды көргенде әлемді шын мәнінде мейірімнің құтқаратынын түсінесің. Әсіресе, қиналып, хал үстінде жатқан науқастарға көмек қолын созуға келетін донорлардың адами асыл қасиетіне еріксіз тәнті боламыз
«Жаныңда жүр жақсы адам» дегендей, ақжүрек азаматтар әр аймақта да кездеседі . Біз кейде соны байқай бермейтініміз жасырын емес. Күні кеше Жамбыл облыстық қан орталығының жылжымалы бригадасы Сарысу ауданында «Донор күні» акциясын өткізгенде жанашыр жандардың қатарының көп екеніне тағы бір мәрте сүйсіндік.
Іс-шараға Сарысу аудандық орталық ауруханасының ұжымы ғана емес, тұрғындар да аянбай атсалысты. Олардың қатарында «Еврохим» компаниясының мамандары мен білім беру саласы қызметкерлерінің көптеп келгенін ерекше атап өткен ләзім. Осылайша жергілікті жұртшылық мейірімділік марафонын қолдап, өнегелі істің өрісін кеңейтті .
Осы орайда дәстүрлі акциямызды дәріптеп, оның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан Сарысу аудандық орталық ауруханасының басшылығына және барша донорларға зор алғысымызды білдіреміз.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2460-ba-amdap-arasa-mir-zh-zinen-n-ry-zh-reginen-zhyluy-t-gilip-t-ratyn-zhandarmen-k-rikti-adam-a-bolysyp-baryn-beretin-zha-syly-zhasau-a-asy-yp-t-ratyn-zhandardy-k-rgende-lemdi-shyn-m-ninde-mejirimni-t-aratynyn-t-sinesi.html#sigFreeIdf32c803729








