Бүгін Жамбыл облыстық қан орталығында облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері жаңа Конституцияның жобасын түсіндіру мақсатында мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Басқосуды коалиция төрағасының орынбасары, қан орталығының директоры Гулам Умаров ашып, жүргізіп отырды.
Жиында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Кенжебек Олжабай, облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Бүркітбаева, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының директоры, қалалық мәслихат депутаты Қарлығаш Бибазарова, қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Мыркалықов сөз сөйлеп, конституциялық реформаның мән-маңызы туралы ой қозғады. Ұжым мүшелерін алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға біркісідей қатысуға шақырды.
Айта кету керек, 2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Бұл шешім бір күнде қабылдана салған жоқ. Конституциялық реформа Мемлекет басшысының Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Өткен жылдан бері күні бүгінге дейін көп талқылау болды. Бастапқыда Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобы жұмыс істеді. Кейіннен Конституциялық комиссия құрылып, іске кірісті. Сондай-ақ «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы халықтың өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдауына мүмкіндік жасалды. Талап-тілектер жан-жақты саралана келе жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.
Қазіргі таңда ел өміріндегі ең маңызды өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу мақсатында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда жиында ұжым мүшелері сөз алып, жаңа Конституцияның жобасын қолдайтындығын, алдағы референдумға отбасы өкілдерімен бірге ұйымшылдықпен қатысатындықтарын жеткізді.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2410-zhambyl-oblysty-an-ortaly-y-zhymymen-zha-a-konstitutsiya-zhobasy-tal-ylandy.html#sigFreeId96fa084e11








