Бүгінде елімізде қанға мұқтаж жандар аз емес. Осындай сәтте көмекке келіп, үміт отын жағатын донорлар қай кезде де құрметке лайық. Олар сөзбен емес, іспен көмектесудің нағыз үлгісін көрсетіп келеді.
Жамбыл облысында да қайырымдылық пен жанашырлықты өмірлік ұстаным еткен жандар баршылық. Соның жарқын дәлелі ретінде облыстағы түрлі мекеме ұжымдарының ұйымдасып, Жамбыл облыстық қан орталығына келіп, ерікті түрде қан тапсыруын атап өтуге болады. Бұл тек игі іс қана емес, бұл біреудің өмірін сақтап қалуға жасалған үлкен қадам. Осы орайда бүгін Жамбыл облыстық әділет департаментінің ұжымы да қан тапсырып, нағыз парасаттылық пен патриоттықтың үлгісін көрсетті.
Бұл қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға ұйытқы болған департаменттің басшысы Нұрғали Андасовқа, әкімшілік бөлімінің басшысы Ләззат Әбішеваға, сондай-ақ белсенділік танытып, донор ретінде қатысқан барлық қызметкерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз!
Қан тапсыру - бұл тек медициналық көмек емес, бұл - өмір сыйлаудың ең тікелей жолы. Осындай жүректен шыққан жанашырлық пен азаматтық ұстаным көпке үлгі болары сөзсіз.