Бүгін Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымы игі іс жасап, Жамбыл облыстық қан орталығына келіп, ерікті түрде қан тапсырды. Бұл — тек медициналық қызметкерлердің кәсібіне деген адалдығы ғана емес, адам өміріне шын жанашырлықтың, азаматтық борыштың көрінісі.
Іс-шараны аурухананың белсенді әрі жанашыр қызметкері Гүлнар Нұрмұхамбетқызы ұйымдастырып, ерекше бенсенділігімен көзге түскенін айта кеткен жөн. Оның бастамасы арқылы көптеген науқастарға үміт пен өмір сыйлайтын нақты көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, әріптестерінің бастамасына қолдау көрсетіп, ұйымшыл ұжымды қайырымды іске жұмылдырған аурухананың бас дәрігері Сағыныш Қабылтаевна Нұрғабыловаға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Медицина саласында ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті де терең түсініп, алдыңғы қатарда жүрген басшының бұл әрекеті көпке үлгі.
Қан - баламасы жоқ өмір тірегі. Донор болу - тек денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін емес, әр азамат үшін құрметті әрі жауапты іс. Бүгінгі іс-шара — сол ізгі ниеттің дәлелі.
Барша донорларға және осы игі іске үлес қосқан жандарға шын жүректен алғыс айтамыз! Сіздердің мейірімдеріңіз бен жанашырлықтарыңыз талай жанға өмір сыйлайды.