Бұл дата кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені дәл осы күні австриялық дәрігер, иммунолог Карл Ландштейнер (1868 - 1943) дүниеге келген. Ол 1930 жылы адам қанының топтарын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған.
Айтулы мереке бүгін Жамбыл облыстық қан орталығында лайықты деңгейде тойланды. Мекеме аумағы тақырыпқа сай әсем безендіріліп, көз тартар көрме қойылды. Ашық аспан астында сахна құрылып, алуан түсті шарлар шараның шырайын аша түсті . Қонақтарды ұжым мүшелері жылы жүзбен қарсы алып, трендтегі тағамдар мен сусындар ұсынылды.
Салтанатты жиынды Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбай ашып, ізгі тілегін арнады.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамының Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Оразкүл Тастемирова, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, «Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинакбаева құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Өз кезегінде Жамбыл облысы қан орталығы директорының міндетін атқарушы Жұмакүл Нурсаитова мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жақсылықтың жаршысы болып жүрген қолдаушылар мен донорларға алғысын білдірді.
Қан - өмірдің қайнар көзі. Ал ерікті донорлық - ерлікпен пара - пар іс. Донор күнін атап өтудің негізгі мәні де - донорлық деген киелі ұғымды дәріптеу, өзгелердің тағдырына бейжай қарай алмайтын ақжүрек азаматтарға құрмет көрсету сынды маңызды миссиялармен ұштасып жатыр.
Осы орайда бүгін тұрақты түрде қан тапсырып, патриоттық пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан донорлар сахна төріне шақырылып, салтанатты түрде марапатталды.
Мерекелік шара әуелеген ән мен күмбірлеген күймен көмкеріліп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
«Фиркан» ЖШС мен Asdecor компаниясына көрсеткен демеушілік көмегі үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/2158-14-mausymda-b-kil-lemde-d-niezh-zilik-donor-k-ni-atalyp-tedi.html#sigFreeId3f82b1a49c