Мен, Кезембаев Бахберды Боштабаевич, бала күнімнен бастап анамның қызметіне қызығушылықпен қарайтынмын. Ол халық медицинасының әдістерін қолдана отырып, ақылымен де, жүрегімен де біздің ауылдың және Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты көршілес ауылдардың ересектері мен балаларын емдеп, сауығып кетулеріне себепші болатын. Анамның айтуынша, бұл емшілік қасиет оған өзінің әкесінен, яғни менің нағашы атамнан дарыған екен. Ауруынан айыққан адамдардың жүзіндегі бақытты күлкілерін көрудің өзі бір ғанибет еді…
Орта мектепті аяқтаған соң, еш ойланбастан Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1976 жылы аяқтап, хирург мамандығын алдым. Кейін Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінде онкохирург ретінде еңбек еттім. Қысқа уақыт ішінде жүзден астам күрделі операция жасап, бірінші санатты хирург атанып, «жұмсақ қолды» дәрігер ретінде үлкен құрметке ие болдым.
Кейінірек денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы ретінде қызмет атқарып, саналы ғұмырымның 30 жылдан астамын осы салаға арнадым.
Дәрігер мамандығы – үнемі күйзеліс пен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Оның қабылдаған шешімі мен әрекеті науқастың денсаулығы мен өміріне тікелей әсер етеді. Күтпеген жағдайларға дайын болып, жылдам әрі нақты шешім қабылдай білу қажет. Сонымен қатар, дәрігер науқаспен және оның туыстарымен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Түрлі адамдармен тіл табысып, оларға жанашырлықпен қарап, ауруын жеңуге көмектесу — әр дәрігердің міндеті.
Бұл – менің дәрігер және денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы ретіндегі өмірлік ұстанымым болды.
Қазіргі таңда зейнет демалысында жүрсем де, өскелең ұрпаққа өзімнің мол өмірлік тәжірибемді, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдаудың жолдарын үйретіп келемін.