Менің аты - жөнім - Құлымбетова Әсел Мырзалықызы. Дәрігер мамандығын мен тектен тек таңдаған жоқпын. Бұл - кенеттен қабылданған шешім де, сәнге еліктеу де емес, бұл - саналы түрде қабылданған ішкі таңдаудың нәтижесі. Мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясын тәмамдап, болашақ мансабыма мықты негіз болған терең білім алдым. Алайда мен әрдайым денсаулық сақтау жүйесіндегі процестерді тереңірек түсінуге ұмтылдым, бұл мені Алматы қаласындағы Қазақстандық медицина университеті «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебіне» алып келді. Магистратурада оқу менің көзқарасымды кеңейтіп қана қоймай, кәсіби даму жолында сенімімді нығайтты.
Дәрігер еңбегінің маңыздылығын мен әсіресе Жамбыл облыстық қан орталығында жұмыс істей бастаған кезімде тереңірек түсіндім. Менің жұмысым асқан ыждаһаттылықты, стандарттарды қатаң сақтауды талап етеді. Барлығы ұсақ - түйегіне дейін реттелуі керек: донорларды тексеруден бастап, қан компоненттерін медициналық ұйымдарға беруге дейін. Біз әр дозаның сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз, өйткені бұл жүздеген адамның өміріне әсер етеді. Бұл тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар нақты командалық үйлесімділікті, шектеулі уақыт жағдайында дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді.
Мен өз мамандығым арқылы адамдардың тағдырына ықпал ете алатыныма мақтанамын. Қан қызметіндегі жұмыс маған медицинаның тек ауруды емдеу емес, өмірдің барлық кезеңінде оған қамқор болу екенін дәлелдеді. Мен дәрігер болдым, себебі біздің жұмысымыз - терең мағынаға ие және аса қажет кезде үміт сыйлай алады деп сенемін.
09 Маусым 2025
11