Медицина қызметкерлері күніне орай біз #«Мен неге медицинаны таңдадым» республикалық челленджді бастаймыз.
Менің аты - жөнім - Ерасыл Тимурұлы. Бала күнімнен - ақ дәрігер мамандығы мен үшін асыл борыш пен адамгершіліктің нышанына айналды. Екі әпкемнің осы жолды таңдап, саналы ғұмырын медицинаға арнауы менің де жүрегімде адам жанына араша болуға деген ұмтылысты оятты. Дегенмен, бұл таңдаудың түпкі мәнінде ішкі сенім мен жауапкершілік жатты: денсаулық - бұл тек жеке адамның байлығы ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі, мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің негізі.
Медицинадағы жолым Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басталды. Осы оқу орнында мен «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша білім алып, диплом иесі атандым. Бұл бағыттың маңызын терең түсіне отырып, мен ғылымға бет бұрып, денсаулық сақтау саласы бойынша магистрлік дәрежеге ие болдым. Қазіргі таңда «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінде докторантураның екінші курсында білім алудамын.
Бүгінде мен Жамбыл облыстық қан орталығында «Донор жинақтау және дайын өнімді беру бөлімінің» меңгерушісі қызметін атқарамын. Бұл қызмет ерекше жауапкершілік пен жоғары деңгейдегі кәсібилікті талап етеді. Өйткені біздің жұмысымыздың нәтижесінде аймақтағы медициналық мекемелер өмірлік маңызы бар қан компоненттерімен уақытылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, халық арасында ерікті донорлық мәдениетті қалыптастыру - менің қызметімнің басты бағыттарының бірі. Біз тек медициналық үдерістерге үлес қосып қана қоймай, адам өмірін құтқаруға тікелей ықпал етеміз.
Мен үшін дәрігер👨🏻⚕️ болу - бұл жай ғана ем жүргізу емес, дерттің алдын алу, адамға жанашырлықпен қарап, оның денсаулығын бүкіл қоғамның игілігі ретінде тану.
Медицина - бұл жүрек пен ақылдың бірлігін талап ететін жол. Бұл жолда әрбір күннің, әрбір әрекеттің мәні бар. Себебі, бүгінгі бір шешім, бір көмек - ертеңгі бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Мен үшін бұл - үлкен сенім, әрі өмірлік миссия.