Егемен еліміздің әскери әлеуетін арттыруда, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, олардың азаматтық борышын атқаруын қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «85395 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Батыр Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп айтқандай, қорғаныс саласындағы маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан әскери бөлім басшылығы қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. Жанға жылу сыйлайтын сондай жағымды бастаманың бірі-тұрақты донорлық деп айтуымызға болады.
Бүгін аталған әскери бөлімнің бастығы Жаныбек Куранбеков облыстық қан орталығына келіп қан тапсырды. Бұл қадам көпке үлгі екендігі сөзсіз. Өйткені, қазір аурухана төсегіне таңылып, өмір мен өлім арасында жатқан қаншама науқас бар. Оларға әрбір донордың қолдауы ауадай қажет. Сондықтан да денсаулығы жарамды азаматтар уақыт бөліп, жақсылық жасауға талпынса біз де қуанып қаламыз. Осындай сауапты істің нәтижесінде мұқтаж жандар еңсесін көтеріп, ертеңге деген үміті оянады. Елдің қатарына қосылады. Мұндайда дана халқымыз «Жақсылыққа жақсылық-әр адамның ісі» деп тегін айтпаса керек. Осы орайда қарбаласқа толы қауырт жұмысынан уақыт тауып, өтеусіз донорлықтың дамуына өзіндік үлесін қосқан әскери бөлім бастығы Жаныбек Бейсбайұлына зор алғысымызды білдіреміз.
09 Сәуір 2025
23