Біздің облысымыздың брендінің бірі кардиохирургия десек артық айтқандық емес. Әсіресе, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының академигі, Тараз қаласындағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейтхан Жошыбаевтың есімін білмейтіндер кемде-кем.
Орталықтың басты міндеті-науқасқа қамқорлық жасау. Бұл тұрғыда медициналық көмек көрсету сапасының халықаралық стандарттарына сай болуға баса назар аударылып келеді.
Бірер жыл бұрын ғана Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы медициналық ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі халықаралық біріккен комиссияның қызметін бағалаудан сәтті өтіп, JCI аккредиттеу сертификатына ие болды.
Joint Commission International (JCI), яғни біріккен халықаралық комиссия – медициналық ұйымдардың халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін бағалауды жүргізетін АҚШ-тың Чикаго қаласында құрылған үкіметтік емес ұйым. JCI сертификаты медициналық ұйымдардағы қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін объективті тануды анықтайтын алтын стандарт ретінде бағаланады.
Міне, осылайша жоғары сапада халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан денсаулық сақтау мекемесінің ұжымы бүгін Жамбыл облыстық қан орталығына келіп тағы бір қуантты. Ақ желеңді абзал жандар донорлар қатарынан табылып, көмекке зәру азаматтарға қол ұшын созды. Ұйымдастырушы ретінде сауапты іске ұйытқы болған Светлана Александровна Ковалёваның жанашырлығы көпке үлгі. Осы орайда парасаттылық пен патриоттықты ұштастырып, жақсылық жасауға асыққан орталық басшысы Сейтхан Жошыбайұлына және барша ұжым қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіреміз.