Құрметті достар!
Қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз, тілеген дұға тілектеріңіз қабыл болсын! Осы орайда Жамбыл облыстық қан орталығының атына оқырмандар тарапынан “Қан тапсыру оразаны бұза ма?” деген сынды көптеген сұрақтар қойылуда. Соған байланысты дін қызметкерлерімен сұхбаттасып, донорлыққа қатысты ойларын білген едік. Тараз қаласындағы орталық “һибатулла Тарази” мешітінің пәтуаға жауапты маманы Нұрсұлтан Зұлпықаровтың түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.
РАМАЗАН АЙЫНДА КҮНДІЗ ҚАН ТАПСЫРУ ОРАЗАНЫ БҰЗАДЫ МА?
Ораза ұстаған адам донорлық мақсатта және талдау (анализ) үшін қан тапсырса немесе ауру себебінен қан алдырса оразасы бұзылмайды. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. Ибн Аббастан (Алла ол кісіге разы болсын) келген риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза бола тұра хижәмә жасатқан еді» – деген. Дегенмен аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса оған қан алдыру – «мәкрүһ» болып саналады.