Тұрақты түрде қан тапсыратын донорларды нағыз қаһарман деп атасақ әбден жарасады. Өйткені, жүрегі мейірімге толы мұндай жандар бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Маралбек Сеилханов та дәл осындай ерекше тұлға. Ол осы күнге дейін 59 рет қан және оның компоненттерінің доноры болды. Тегінде адам баласының бойындағы жақсы қасиеттер әкенің қанымен, ананың сүтімен дарып, өскен ортасына, өмірлік ұстанымына қарай нығайып отыратындығы белгілі. Донорлардың жақсылық жасауға асығып тұратындығы да дұрыс тәрбиенің жемісі. Қайырымды жандар қай кезде де «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» көмек қолын созуға ұмтылып тұрады. Осылайша өмір мен өлімнің ортасында жатқан талай жанға үміт сыйлайды. Еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Бұл парасат-пайымнан бөлек патриоттықпен де тығыз астасып жатқан ізгі амал. Сондықтан да біз донорларды үнемі дәріптеп, өзгелерге үлгі-өнеге етіп көрсетіп отырамыз. Осы орайда Маралбек Әбубәкірұлының да ілкімді ісі көпке ой салатындығы сөзсіз. Біз тұрақты донорымызға шексіз алғысымызды білдіре отырып, деніне саулық, отбасына амандық, әрбір бастаған ісіне сәттілік тілейміз.
01 Наурыз 2025
55