Халық даналығында «Бірінші байлық-денсаулық» деген аталы сөз бар. Ал денсаулықты сақтауда саламатты өмір салтын ұстанудың, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің» маңызы зор. Бұл тұрғыда ақ желеңді абзал жандар түсіндіру жұмыстарын жүргізуден, тиісді ем-дом шараларын ұйымдастырудан аянып қалған емес. Мұндағы басты мақсат-мұқтаж жандарға көмектесу.
Осы орайда облыстық психикалық денсаулық орталығы тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін аталған мекеменің бас дәрігері Серік Жетібаев қарбаласқа толы қауырт жұмыстан арнайы уақыт бөліп, облыстық қан орталығына келді. Серік Дүйсенәліұлы донорлар қатарынан табылып, дертіне дауа іздеген жандарға демеу болды. Осылайша әріптесіміз өзгелерге өнеге көрсете білді.
Жақсылық жасау-халқымызға тән қасиет. Ата-бабаларымыз бағзы дәуірден-ақ барымен бөлісіп, басқалардың да аяққа нық тұруына жәмдемдескен. Бұл игі үрдіс бүгін де жаңа сипатқа ие болып, жарасымды жалғасын тауып келеді. Көмекке зәру жандар үшін донор болып, қан тапсыру да адамгершіліктің белгісі, парасаттылықтың үлгісі. Әрине, толғауы тоқсан тіршілікте ешкімді де мәжбүрлей алмайсың. Бірақ теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосайын деп келетін жандарды көргенде көңіліміздің толқитыны жасырын емес. Міне, сондай ақжүрек азаматтардың қатарынан көріне білген Серік Дүйсенәліұлына зор алғысымызды білдіреміз.