Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым - экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбындағы сұхбатында елімізде жүзеге асып жатқан реформалар, ішкі және сыртқы саясаттағы басымдықтар, кәсіпкерлікті дамыту, жемқорлықтың жолын кесу, цифрландыру үдерісінің аясын кеңейту, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі, тағы да басқа көптеген тақырыптар қамтылыпты. Жаңадан жасақталған Үкіметтің жұмысы туралы пікірін жеткізген.
«Үкіметтің міндеті - экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар.
Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл - өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш - азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.
Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс» деп атап өтті Президент өз сөзінде.
Жалпы, жыл тоғысында Президенттің мерзімді басылымдарға сұхбат беруі игі дәстүрге айналған. Мемлекет басшысы оның да өзіндік себебі бар екенін тілге тиек етіп: «Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» деген орамды ойымен бөлісіпті. Салиқалы сұхбат бұдан өзге де құнды мағлұматтар арқау болған.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/1917-ma-satym-ekonomikany-zh-ne-egemendikti-ny-ajtu.html#sigFreeId17f7381abc