Халықаралық қарттар күні 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді. Бұл дата 1990 жылдың 14-желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми бекітілген. Міне, сол уақыттан бері осынау мерекеге орай түрлі форматтағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп білетін халқымыз да бұл күнді назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде елімізде 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мерекенің мақсаты, қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сапасын арттыруға назар аудару әрі қамқор болуды көздейді. Айтулы мерекеге орай бүгін Жамбыл облыстық қан орталығының ұжымы мекеме де ұзақ жылдар жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан Балапан Әубәкірқызы Туғанбекова мен Гүлнар Мұратқызы Қадірбергенованы арнайы құттықтап барды. Жылы жүзді жүздесу барысында ақ тілектің тиегі ағытылып, әсерлі естеліктер айтылды. Сонымен қатар мекеме басшылығы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан азық-түлік себеттері тарту етілді. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ардагерлер өз кезегінде мерекемен құттықтап, ілтипат білдірген әріптестеріне алғысын білдірді
01 Қазан 2024
85