Көз алдымызда зымырап өтіп жатқан мына әлем мейірімді адамдармен көрікті. Жүрегінен жылуы, жүзінен нұры төгіліп тұратын жандар барда қиындық та еңсеріледі, ертеңгі күнге деген сенім де нығаяды. Осы орайда өмір мен өлімнің арасында арпалысып, тағдыр тауқыметін тартып жатқан науқастарға ерікті түрде қол ұшын созуға келетін донорларды «Бүгінгі күннің нағыз батырлары» деп айтуға болады. Парасаттылық пен патриотизм, қайсарлық пен қайырымдылық қасиеттерін қадір тұтып, өнегелі істің өрісін кеңейткен тұлғаларға шын мәнінде сүйсінесің. Отбасынан алған тәлім-тәрбиесінің лайықты жемісін беріп жатқанына қуанасың. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында осындай үлкен жүректі азаматтардың көптеп келіп жатқандығын айтуымыз керек. Күні кеше Тараз қаласындағы №1 «Жанұя» емханасының ұжымы да өтеусіз донорлыққа өзіндік үлестерін қосты. Ақ желеңді абзал жандардың денсаулық сақшысы ретіндегі қызметтерінен бөлек ұйымдасқан түрде қан тапсыруға келуі расында да көпке үлгі болар бастама екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда іргелі емхананың басшылығы мен ұжымына зор алғысымызды білдіреміз.
10 Сәуір 2023
263