Адал еңбек адам баласын қашанда абыройға бастайды. Берекелі бейнетпен бақытқа бөленген, ел-жұрттың алғысына кенелген сондай білікті маманның бірі-қан қызметі саласының ардагері Балапан Әубәкірқызы Туғанбекова. Бүгінде 82 жасқа қадам басқан абзал жанның өмірі өнегеге толы. Ол жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін 1970 жылы Қызылорда облысындағы қан құю стансасында еңбек жолын бастайды. 1976 жылы отбасылық жағдайға байланысты қазіргі Тараз қаласына қоныс аударып, облыстық қан құю стансасына донорлық бөлімнің меңгерушісі қызметіне шақырылады. Сол уақыттан 2012 жылға дейін облыстық қан орталығының барлық бөлімшелерінде жемісті еңбек етіп, бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Білікті маман 72 жасында құрметті демалысқа шықты. Осы жылдар аралығында ол жұмысқа адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен, ұжымға құрметімен лайықты із қалдырып, қаншама адамның өмірін арашалап алуға сүбелі үлес қосты. Кейінгі ізбасарлары да ол кісіні әрдайым үлгі тұтып, ақыл-кеңесін тыңдап отырады.
Кеше Алғыс айту күніне орай облыстық әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова мен облыстық қан орталығының ұжымы Балапан Әубәкірқызын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, риясыз ризашылығын білдірді. «Дастарханымыз жақсылыққа жайылсын!» деген ниетпен азық-түлік себеті тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді. Саланың жұмысын жандандыруда сара жол салған ардагерлерге әрқашан да алғысымыз шексіз!
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/1627-adal-e-bek-adam-balasyn-ashanda-abyroj-a-bastajdy-berekeli-bejnetpen-ba-yt-a-b-lengen.html#sigFreeId8110c65bcc