«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Ауыр жағдайға тап болып, арпалысқа түсіп жатқан адамдардың қамын ойлап, қан тапсыруды жөн көрген азаматтар туралы осылай ой өрбітуге болады. Шын мәнінде донорлық-керемет қасиет. Сіздің осы бір шағын ғана ниетіңіз сынаққа түскен сан адамға үлкен қуаныш сыйлауы мүмкін. Сондықтан да сауапты істен әрқайсымыз да сырт қалмағанымыз абзал.
Осы орайда Жамбыл облысындағы мекеме-кәсіпорындар ұжымдарының «Донор күні» акциясына айрықша атсалысып жатқандығы қуантады. Бүгін «Жамбыл-жылу» кәсіпорнының қызметкерлері қан тапсырып, өзгелерге өнеге көрсетті. Жалпы, Мүслім Жеңісұлы Қасымов жетекшілік ететін мекеме-аймақтағы ынтымағы жарасқан ұжымдардың бірі. Біз кәсіпорынды қысқы жылу беру маусымының қарсаңында қарбалас жұмыс күтіп тұрғанын жақсы түсінеміз. Дейтұрғанмен коммуналдық сала мамандарының уақыт бөліп, қайырымдылық танытқанына дән риза болдық. Бұл тұрғыда кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
https://tarazdonor.kz/kz/zha-aly-tar/1346-b-gin-zhambyl-zhylu-k-sipornyny-yzmetkerleri-an-tapsyryp-zgelerge-nege-k-rsetti.html#sigFreeId612e4b0c3f